06.02.2023

Ведомствоаралық байланыс күшейтілуде

М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы филиалы–Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының Шұбарқұдық обаға қарсы күрес бөлімшесі 25 және 26 қаңтар 2023 жылы облыстың Темір және Байғанин аудандарының ветеринарлық қызметтерімен бірлескен түрде «Оба және сібір жарасы аса қауіпті инфекцияларымен ауыл шаруашылығы малдары ауырған немесе мал өлексесі анықталған жағдайда обаға қарсы күрес және ветеринарлық қызметтердің бірлескен түрде шұғыл әрекет етуі» тақырыбында дөгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдер жұмысына Республикалық эпизоотияға қарсы отряд мекемесінің Ақтөбе филиалы, аталған аудандар ветеринарлық, санэпидбақылау қызметтері басшылары, Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы мамандары қатынасып, ойларымен бөлісті. Шараға аталған аудандардың ауылдық округтерінің ветеринарлық мамандары толық қатынасқанын атап өткен жөн.  Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының дәрігер-бактериологы, магистр Таубаев Б.К., аудандардың ветеринарлық қызметтері мамандары күн тәртібіне сәйкес баяндама жасап, қалыптасқан эпизоотологиялық жағдай, инфекцияға күдік туғанда шұғыл хабарлама беру кестесі, зертханаға сынама алу және аталған жұмыстарды жүргізу барысында мамандардың өздерінің биологиялық қауіпсіздігі тұрғысында толық мағлұмат берді. Шара барысында обаға қарсы киімдерді киіп-шешу тәртібі көрсетілді. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд мекемесінің Ақтөбе филиалы басшысы Абдолов Н.Ф. дөңгелек үстелдің тәжірибедегі ветеринарлық мамандарға қажеттігін айтып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Дөңгелек үстелге қатысушылар тәжірибеде кездесетін мәселелері бойынша сұрақтарына жауаптар алды. Темір және Байғанин аудандары аумағында  оба аса қауіпті инфекциясының табиғи ошақтарының орналасуын ескерсе өткізілген шараның маңыздылығы артатыны сөзсіз.