03.05.2023

Қызылорда облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы

Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) бойынша эндемиялық аймақ болып табылады. Бұл инфекция қоздырғышының тасымалдаушылары — иксодты кенелер. Соңғы уақытта, иксод кенелерінің таралу шекараларының өзгеруіне орай, олар тасымалдайтын түрлі инфекциялардың таралуы да кең етек жайып келеді. Сондықтан, Қызылорда облысының түрлі табиғи-климаттық аймақтарында иксод кенелерінің түрлік құрамын, экологиялық-биологиялық ерекшеліктерін және биотопта таралуын, Ixodidae тұқымдасы кенелері санының ұзақ мерзімді және маусымдық динамикасының ерекшеліктерін зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

2012 жылдан бастап Қызылорда обаға қарсы күрес станциясында иксод кенелерінің фаунасын, олардың сан көрсеткіштерінің динамикасын, Қызылорда облысындағы иксод кенелерінің экологиялық ерекшеліктері мен эпизоотологиялық маңызын зерттеу жұмыстары жүргізілуде, сонымен қатар, иксод кенелерінің түрлері бойынша коллекциялық жадығаттар жиналуда.

Қазіргі уақытта жинау алаңын кеңейту, ерекше қауіпті инфекцияларды тасымалдаушы иксод кенелерінің негізгі түрлерінің таралу аймағын нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зерттеулер аймақта  мекендейтін иксод кенелерінің таралу аймағын анықтау үшін GIS технологиясын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Коллекциялық жадығаттар КҚГҚ табиғи ошақтарынан жиналған кенелер негізінде құралған. Сыртмасылдар ауыл шаруашылығы жануарларынан, елді мекендер маңайынан жиналды, сонымен қатар, эпизоотологиялық зерттеу кезінде кеміргіштердің ұяларынан және ұсақ жыртқыштардан алынады.

Облыстың түрлі табиғи-климаттық аумақтарындағы иксодты кенелердің тіршілік циклінің ерекшеліктерін зерттеу мақсатында олардың даму кезеңдеріне зертханалық бақылаулар жүргізіледі.

Қазіргі таңда станцияда Қызылорда облысы аумағында мекендейтін иксодтық кенелердің 15 түрінің коллекциясы сақталуда.

Иксодты кенелердің фаунасы мен таралуы туралы соңғы жылдары жинақталған және зерттелген жадығаттар облыс аумағында иксодты кенелердің жаңа түрлерінің көбейгенін көрсетеді. Қызылорда облысында алғаш рет осы аумақ үшін бұрын сипатталмаған иксодты кенелердің 2 жаңа түрі табылды — Hyalomma turanicum және Rhipicephalus annulatus. H.turanicum кенелері алғаш рет 2017 жылы Қаратау жотасының оңтүстік беткейлерін және Жаңақорған өңірінің тау етегінде орналасқан елді мекендерін зерттеу барысында анықталды. Бұл түрдің осы аумақта және жалпы облыс аймағында кездесуі бұрын байқалмаған.

2019 жылдың күзінде Сырдария өзені жағалауы жайылымында орналасқан Жаңақорған ауданының елді мекендерінде алғаш рет ірі қара малдан Rh. annulatus кене түрі кездесті.  Қазіргі таңда кененің бұл түрі осы өңірде әлі де тіркелуде.

Иксодты кенелер коллекциялық жадығаттары негізінде және стационарлық бақылаулар нәтижелері бойынша «Қызылорда облысының иксодты кенелері» монографиясын дайындау жұмыстары басталған, оның негізіне облыс аймағындағы иксод кенелерінің таралуы, түрлері, экологиясы, фенологиясы, эпизоотологиялық және эпидемиологиялық маңызы жөніндегі мағлұматтар алынды.  Иксодты кенелер туралы монографияға материалдар жинау барысында барлық ерекшеліктерін және негізгі айырмашылық белгілерін дәл көрсететін иксодты кенелердің өзіне тән сипаттамаларын беретін электрондық анықтағыш құру бойынша жұмыстар қатар жүргізілуде.

Иксодты кенелер фаунасын, систематикасын және морфологиясын зерттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында «Arthropodia» иксодты кенелерді электронды идентификациялау бағдарламасы әзірленуде. Электрондық идентификатор бағдарламасына авторлық құқықты тіркеу туралы куәлік алынды.

Иксод кенелері туралы ғылыми мақалалар жыл сайын отандық рейтингтік журналдарда, сондай-ақ алыс және жақын шет ел журналдарында барлығы 20 дан астам  мақалалар жарияланды. Станция қызметкерлері ғылыми-өндірістік, облыстық, республикалық семинарларға, халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға баяндамалармен қатысып қана қоймай, конференцияны ұйымдастыруға модератор ретінде де атсалысуда.