Медицина қызметкерлері арасында обаға қарсы егу техникасы және ұйымдастыру шаралары туралы семинар.
13-14.02.2024 ж Қызылорда обаға қарсы күрес стансасының базасында қаладағы емдеу-сауықтыру мекемелері мен мұнай ұйымдарының медициналық пункттерінің медицина қызметкерлері арасында обаға қарсы егу жұмыстарын ұйымдастыру кезіндегі қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту семинары өтті.
Вакцинацияны ұйымдастыру ҚР ДСМ 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 «Халықты профилактикалық вакцинациялауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың санитариялық негіздерін бекіту туралы» қаулысына және ҚР ДСМ 2021 жылғы 17 қарашадағы № 116 «Инфекциялық аурулардың (обаның, тырысқақтың) алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Семинарға барлығы 50-ден астам қатысушы қатысты. Екі күндік семинар екі бөлімнен өтіп, теориялық және практикалық бөлімдерді қамтыды. Теориялық бөлімде облыстағы обаның эпизоотиялық ахуалы және обаға қарсы егу жоспарлау негіздері сияқты мәселелер қарастырылды. Станция дәрігерлері «Егу бөлмелеріне қойылатын талаптар, вакциналарды сақтау және тасымалдау», «Обаға қарсы вакцинациялау техникасы», «Обаға қарсы вакцинадан кейінгі асқынулар және емдеу шаралары» тақырыптарында баяндама жасады.
Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар арасында тәжірибелік жаттығулар өткізілді. Станция дәрігерлері вакцинациялау техникасын, егу үстелін дайындауды және вакцинация кезінде санитарлық-гигиеналық режимді (асептика және антисептика) сақтауды нақты көрсетті.
Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы