Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған шығармашылық кештің өткізілуі туралы
2025 жылғы 29 шілдеде М. Айқымбаев атындағы ерекше қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және философы – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлт рухының шамшырағы» атты шығармашылық кеш өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұжым мүшелерінің рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту, Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптеу және ұлттық сананы қалыптастыру болды. Кеш жүрекке жылу ұялатқан, шабытты атмосферада өтіп, орталық қызметкерлерін Абай мұрасы мен оның ұлағатты ой-толғамдары төңірегінде біріктірді.
Кеш барысында Абайдың өлеңдері түпнұсқада және аудармада оқылып, «Қара сөздерінен» үзінділер ұсынылды. Қызметкерлер ақынның өлеңдерін жатқа оқып, оның өмірі мен шығармашылығына арналған шығармашылық қойылымдарға белсене қатысты. Сонымен қатар, Абай мұрасының бүгінгі күнмен үндестігі мен оның ағартушылық идеяларының өзектілігіне ерекше назар аударылды.
Шығармашылық кеш – ұлы ойшылға деген терең құрметтің айқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетке жақындауға, классикалық әдебиетті оқуға және рухани дамуға деген ынтаны арттырған әсерлі шара болды.