14.12.2023

АҚИҰҒО-ның өкілдері 2023 жылғы 3-4 желтоқсанда Пәкістанның Исламабад қаласында өткен «Алшақтықты жою: биоқауіпсіздік және биоқорғаныс режимдерін күшейту» атты халықаралық семинарға қатысты

2023 жылғы 3-4 желтоқсанда Пәкістан астанасы — Исламабадта Қазақстан Елшілігі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технологиялар комитетімен (COMSTECH) бірлесіп «Алшақтықты жою: биоқауіпсіздік және биоқорғаныс режимдерін күшейту» тақырыбында халықаралық семинар ұйымдастырды, оған Пәкістан, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Грузия, Нигерия, Уганда, Иордания, Өзбекстан, Малайзия, АҚШ және т. б. сарапшы топтарының өкілдері қатысты.

Семинар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы барысында аталған биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті (БҚХА) құру жөніндегі қазақстандық бастамасына арналды.

Биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені ол Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай шаралар кешенінің бөлігі болып табылады. Жеделдетілген жаһандану және өмір туралы ғылымдар, әсіресе молекулалық биология және медицина, вирусология, микробиология, биотехнология және гендік инженерия саласындағы соңғы жетістіктер жағдайында биологиялық қауіпсіздік талаптарын барынша қамтамасыз ету және биологиялық тәуекелдерді басқару мәселелері өзекті бола түсуде.

Қазақстан тарапынан іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері мен ҚР ДСМ Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығының биоқауіпсіздік және биоқорғаныс бөлімінің, сапа менеджменті бөлімінің қызметкерлері қатысты. Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Е. Кистафин және COMSTECH бас үйлестірушісі, профессор, доктор Икбал Чоудхари құттықтау сөз сөйледі.

Екі күндік семинар барысында қолданыстағы конвенцияларды, шарттарды, келісімдерді іске асыру тетіктеріне шолу жасалды, сондай-ақ ұлттық және халықаралық деңгейдегі кемшіліктер мен мәселелер, халықаралық-құқықтық базадағы қақтығыстар талқыланды, биологиялық тәуекелдерді басқару бағдарламаларын әзірлеу мақсатында халықаралық ынтымақтастық мәселелері, осы саладағы реформаларды жүзеге асыру қажеттілігі және т. б. талқыланды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар жаһандық деңгейде биоқауіпсіздік және биоқорғаныс саласындағы бар қауіптер мен тәуекелдерді азайту қажеттілігі ретінде биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру бойынша ұсынымдар қабылдады.