08.12.2022

АСА ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қызылорда қаласында 2022 жылдың 01-желтоқсанында Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының және «Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» филиалының біріккен бұйрығы негізінде облыстық көлемде «Аса қауіпті жұқпалы инфекциялардың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарға облыстық, қалалық, аудандық (скайп арқылы) емхана, аурухана эпидемиологтары мен инфекционисттері, обаға қарсы күрес станциялының мамандары қатысты.

Семинарда М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының эпидемиологы, м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Р.С.Мусағалиева баяндасында жер шарындағы тырысқақ пандемиясынан бастап, елдегі жағдайлар айтылды. Әрі қарай оба ауруы бойынша жан жақты мәлімет беріліп, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының, сібір жарасы ауруының Қазақстандағы жағдайларына тоқталды. Және де коронавирустық инфекциялар жайлы эпидемиолог ретінде өз көзқарасын білдірді.

Келесі баяндамаларда Қызылорда облысы СЭБД-нің аса қауіпті және карантинді жұқпалы ауруларды эпидқадағалау бөлімінің бас маманы М.М.Боранбаева облыстағы Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруының эпидахуалы мен алдын алу шараларын таныстырса, Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-инфекционисті К.Т.Жукешов 2022 жылы қала аумағында ҚКГҚ-сы диагнозымен тіркелген науқастарының клиникасындағы ерекшеліктеріне тоқталды.

Баяндамалардан кейін  сұрақ жауап, пікір алмасу ұйымдастырылып, өзекті мәселелер ортаға салынды.

Семинарды қорытындылай келе, М.Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО-ның эпидемиологы, м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мусағалиева Райхан Сапаровна Қызылорда облысы үшін аса қауіпті аурулар ішінде ҚКГҚ-сы өзекті болып тұрғанын атап, тәжірибелі маман ретінде өз ұсыныстарын берді.