29.07.2022

«QazBioPharm» холдингін құру: келешегі мен болжауы

Үдемелі жаһандану және молекулалық биология, вирусология, микробиология, биотехнология және гендік инженерия салаларындағы соңғы жетістіктер жағдайында, биологиялық қауіпсіздік талаптарын барынша қамтамасыз ету және биологиялық қатерлерді басқару мәселелері тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін барған сайын өзекті бола түсуде және биологиялық қауіпсіздік жүйелерін уақтылы жетілдіру қажеттігін талап етуде.

Қазақстан Республикасында жарғылық капиталына жүз пайыз мемлекет қатысатын «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» (бұдан әрі – Холдинг) құрылуының мақсаты – биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биофармацевтикалық нарықтың инфрақұрылымын орнықты дамыту мен жетілдіру, биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіптің дамуын ынталандыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімдерге қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.

«QazBioPharm Ұлттық холдингі» АҚ ғылыми қызметі ғылыми-техникалық және гранттық бағдарламалардың санын арттыруды көздейді.

Сонымен қатар, Холдингтің өндірістік қызметінің аса қауіпті инфекциялардың алдын алуы мен диагностикасына арналған препараттарды шығаруды қоса алғанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіріп шығаруда болашағы бар.

Ұлттық Холдинг құрамындағы отандық зерттеулер басқа жаңа вакциналарға арналған технологиялық платформаны әзірлеуге, сондай-ақ өндірісті жаңғыртуға, оны халықаралық аккредиттеуге мүмкіндік береді. Холдингтің басқа ұйымдарының ғалымдарымен және шетелдік ғалымдармен бірлескен әзірлемелер үшін мүмкіндіктер пайда болады. Нәтижесінде отандық, сондай-ақ халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, сапаның жоғары стандарттарын сақтай отырып әзірленген, сондай-ақ жаңа буынның жақсартылған биологиялық сипаттамалары бар биопрепараттар шығарылатын болады. Вакциналарды өндіру, антигендер мен иммуноглобулиндер алу, оларды тазарту, құю, иммундық-биологиялық препараттарды лиофилизациялау және оларды өлшеп-орау учаскелері үшін әмбебап жобалық шешімдерді қолдану секілді бірегей ғылыми-өндірістік инфрақұрылым құрылатын болады. Бұл әртүрлі биологиялық препараттарды өндіру кезінде технологиялық процестерді модельдеуге және сынақтан өткізуге мүмкіндік береді және іс жүзінде диагностикалық препараттарды өндіру барысында қазіргі заманғы стандарттарды енгізу мәселесіне кешенді тәсілді қолдануға мүмкіндік береді. Холдингті құрудың жақсы жақтарының бірі – өндіріс тек денсаулық сақтауға арналған препараттарды шығаруға ғана емес, сонымен қатар ветеринариялық мақсаттағы биопрепараттарды шығаруға, жануарлардан адамға берілетін зоонозды инфекцияларға бағытталатын болады.

Осылайша келесідей нәтижелерге қол жеткізіледі:

– мемлекет халқының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

-жаңа биотехнологияларды енгізуге және қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік стратегияны іске асыру;

– әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік;

– қазақстандық биотехнологиялық саланың жандандырылуы.

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі» обаға қарсы күрес станцияларын қоса алғанда, Холдингтің ведомстволық бағынысты ұйымдарының физикалық қорғауын жетілдіруін көздейді. Еншілес ұйымдарды қазіргі заманғы зертханалық және өнеркәсіптік жабдықтармен жарақтандыру көзделеді.

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі» құрамындағы Масғұт Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО ғылыми зерттеулерді жетілдіру және кеңейту, аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарында алдын алу іс-шараларын жүргізу және биологиялық қауіптерге жедел ден қою; кадрлар даярлау; иммундық-биологиялық және диагностикалық препараттар өндіру перспективаларына ие.