01.06.2023

Тырысқақ инфекциясына дайындық жаттығуы өткізілді.

ҚР денсаулық сақтау министрлігі «М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК филиалы-Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы (одан әрі-Филиал) мамандары 2023 жылдың 23 мамырында Ақтөбе бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ұйымдастырған Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда жолаушылар арасында тырысқақ (холера) аса қауіпті инфекциясына күдікті адам анықталуы бойынша шұғыл шаралар жүргізу жаттығуларына қатынасты.

Жаттығу сценариіне сәйкес Ақтөбе әуежайына Индия елінің астанасы Дели қаласынан ұшып келген әуе кемесінде тырысқақ инфекциясына күдікті науқас болған. Оның бірнеше рет ішінің өтуі, жиі құсу, дене терісінің құрғауы, ауыз қуысының кебуі, әлсіздік, басының ауыруы шағымдарын әуе кемесі қызметкерлері байқап ұшып келетін әуежайға хабар берген. Арнайы қызметтер шұғыл жиналып, құрамында инфекционист, эпидемиолог, бактериолог дәрігерлері бар ақылдамалық топ жиналған мәліметтерді сараптай келе «Тырысқақ инфекциясына алдын-ала күдік» диагнозын қойды. Тиісінше жедел түрде сынамалар алынып, әрі қарай шұғыл жоспар бойынша жұмыстар жүргізілді. Жаттығулар әуе кемелерінің экипаж мүшелері мен әуе жолаушылары арасында аса қауіпті және карантиндік инфекция белгілері бар науқастар анықталған кезде Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда жүргізілетін эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес шаралармен жалғасты.

Жаттығу барысында тиісті ведомстволардың барлығы кешенді жоспар бойынша өз қызметтерін тағы да пысықтап, дайындықтарын одан әрі жетілдірді. Жаттығу соңында өткізілген шара барысы талқыланып, сарапшылар өздерінің жоғары бағаларын берді.