14.12.2022

Мамандар тәжірибемен алмасты

Арал теңізі обаға қарсы күрес қызметінің тарихы тереңіректен бастау алатыны белгілі. Сол кезеңдерден бері оба және өзге аса қауіпті инфекциялардан халықты қорғау ісімен айналысып отырған іргелі мекеме, яғни Арал теңізі обаға қарсы күрес қызметі Ақтөбе облысында да осындай қызметтің пайда болуына себепші болғаны баршаға аян болмауы мүмкін. Табиғи ерекшеліктері ұқсас, инфекция шығу қауіптілігі жоғары табиғи ошақтардың орналасуына орай Шалқар ауданында 1974 жылы Арал теңізі обаға қарсы күрес қызметінің бөлімшесі ашылған болатын. Кейін Ақтөбе қаласында обаға қарсы күрес қызметі құрылды.

Арал теңізі обаға қарсы күрес қызметі басшысы Исаева С.Б. қызметкерлерінің жылдар бойы жинақталған тәжірибесіне қарамастан олардың кәсіби шыңдалуына қажетті шараларды жиі қолданып отыратыны белгілі. Осындай жұмыс аясында ағымды жылдың желтоқсан айының 7-9 аралығында Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының бір топ мамандары, атап айтқанда дәрігер эпидемиолог Әлжанов Т.Ш, зоологтар Құлманов А.Ә. және Шәңгереев Қ.М. Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясына тәжірибе алмасуға келді. Оба және өзге аса қауіпті инфекциялардың энзоотиялық аумақтарында тексеру мен эпидемиологиялық бақылауда кәсіптік дағдыларды, бірізділік және сауатты көзқарасты қалыптастыру секілді мәселелер төңірегінде мамандар көптеген қызметтік жұмыстар жүргізді. Мәселен, зоологтар сүтқоректілер мен олардың денесінде өмір сүретін сыртмасылдарының тіршілігіне әсер ететін ауа-райы мен климаттық жағдайлардың талдау барысында Г.К.Селяниновтің кеміргіштердің індері топырағының ылғалдылығы мен микроклиматын анықтауға арналған есептеу формуласын үйренуге қызығулышылық білдірді. Одан әрі мамандарды нақты межеленіп, таңбаланып жасалған Ақтөбе облысы аудандары аумағының әкімшілік карталары қызықтырды. Жұмыс барысында Арал теңізі мен Ақтөбе обаға қарсы күрес станцияларының қадағалау аймағындағы шекаралас Солтүстік Арал маңы дербес ошағындағы оба эпизоотиясы көрініс тапқан жерлерін нақты білгілеу, секторларды тіркеу мәселелерімен бірнеше талқылау ұйымдастырылды.

Соңғы жылдары Конго-Қырым қанды безгегі қауіпті инфекциясы оңтүстік өңірлерден еліміздің батысына қарай ығысу процесі байқалуда. Оның үстіне Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы ауыл шаруашылығы жануарларынан жиналған кенелерден зертханалы талдау нәтижесінде Конго-Қырым қанды безгегіне оң нәтижелер анықтауда. Осы орайда облыстың Шалқар ауданының Арал ауданымен шекараласуына орай аталған инфекциямен күресу жолдары, кенелерді жинау уақыты, тәсілі, зертханалы зерттеу әдістері Ақтөбе мамандарын қызықтырды. Мамандар аталған шараның нақты мәселелер бойынша тәжірибе алмасуда, ортақ талқылауда берері көптігін айтып, тарқасты.