Құрманғазының туғанына 203 жыл
Күй атасы – Құрманғазы күйлерінің шоқтығы биік. Домбыраның құлағында ойнаған хас шебер Құрманғазы Сағырбайұлы бір жарым ғасыр бұрын өмір сүріп, түрлі туындыларын жарыққа шығарған. Оның асыл мұрасы бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Қазақ халқының шығармашылығында композитор күйлерінің орны бөлек.
Қазақ даласынан әуелеген Құрманғазының тамаша туындылары әлемдегі классикалық музыка жанкүйерлерінің жүрегіне жол тапты.
Құрманғазы күйлері арқылы қазақ даласының әсемдігі мен кеңдігін жеткізе білді. Оның «Сарыарқа», «Серпер», «Ақсақ киік», «Қызыл қайын», «Төремұрат», «Байжұма» және басқа да күйлері танымал. Күйші шығармаларында халқының мұң-мұқтажы мен бастан кешкен қиыншылықтары көрініс тапқан.
Зерттеуші және этнограф А.В. Затаевич Құрманғазыны қазақ халық музыкасының симфониялық жолын ашқан деп есептеген. Бүгінде атақты күйшінің есімі Қазақстанның байырғы музыкалық ұжымдарының бірі – Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне берілген.
Биыл Құрманғазының туғанына 203 жыл толады. Осы датаға орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы көрнекті қазақ композиторының шығармашылығына арналған бейнеролик дайындады.