Қызылорда обаға қарсы күрес станциясында өткізілген ғылыми-өңдірістік мәжіліс туралы
2024 жылдың 29 ақпаны мен 1 наурызында Қызылорда обаға қарсы күрес станциясында, станциясының эпизоотологиялық зерттеу жасау аумағында орналасқан халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету барысында 2023 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы және 2024 жылға алға қойылған басты міндеттері бойынша екі күндік ғылыми-өңдірістік мәжіліс өтті. Мәжілісте станциясы басшысы, станцияның санитариялық-эпидемиологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, Жосалы обаға қарсы бөлімшесінің басшысы, станция дәрігерлері мен зоологтары қатысты.
Мәжіліс екі бөлім бойынша өтті: өндірістік және ғылыми. Бірінші күні станция басшысының санитариялық-эпидемиологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарының, Жосалы бөлімше басшысының 2023 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары, 2024 жылға арналған жоспарлары мен АҚИ эпизоотологиясы және профилактикасы зертханасы меңгерушісінің 2023 жылғы қалыптасқан эпизоотологиялық жағдай мен 2024 жылға арналған жұмыс жоспары туралы баяндамалары тыңдалды.
Станция басшысының санитариялық-эпидемиологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарының баяндамасында станцияның материалдық-техникалық жағдайы, биологиялық қауіпсіздігі және физикалық қорғалуын жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстар атап өтілді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған жұмыстарының толық орындалғандығын мәлімдеп, 2024 жылға алға қойылған негізгі жоспарларына тоқталды.
Осы негізде станцияның зертхана меңгерушілері өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті.
Сонымен қатар, станция зоологы М.Қалмақова коллекциялық жадығадтарды зерттеу барысында иксод кенелерінің түрлік белгілерін анықтау үшін электрондық анықтауыш прототипы және көп жылдық зерттеу жұмыстарының қорытындысымен «Қызылорда облысының иксод кенелері» тақырыбында дайындалған монографиясымен таныстырды.
Бұл жұмыстар мамандардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылығын тудырып, кейбір ойға алынған сұрақтарға жауаптар берілді.
Мәжілістің екінші күні эпидемиологиялық бақылаудың әртүрлі мәселелері, станцияның қызмет көрсету аумағындағы оба эпизоотиялық процесінің ерекшеліктері, сондай-ақ АҚИ-ға зертханалық зерттеулердің көп жылдық нәтижелері мен талдаулары бойынша дәрігерлер мен зоологтардың барлығы 9 ғылыми баяндамалары мен хабарламалары тыңдалып, талқыланды.
Өткізілген ғылыми-өңдірістік мәжілістің қорытындысы негізінде шешім қабылданып, Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі басшысына және зертхана меңгерушілеріне жоғарыда аталып өткен жұмыс қорытындылары мен ұсыныстар жөнінде нақты тапсырмалар берілді.