08.12.2023

АҚИҰҒО-ның делегациясы 2023 жылдың 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Қытайдың Үрімші қаласында оба мен зооноздарды зерттеу және эпидқадағалау жөніндегі екіжақты ғылыми конференциясына қатысты

2023 жылғы 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Үрімші қаласында (Қытай) М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының делегациясы оба мен зооноздарды зерттеу және эпидқадағалауға арналған Қазақстан мен Қытай арасындағы «Белдеу және жол» екіжақты ғылыми конференциясына қатысты.

Іс-шараны Қытайдың жұқпалы ауруларды бақылау және алдын алу ұлттық институты, Қытайдың жұқпалы ауруларды интеллектуалды бақылау және болжау ұлттық негізгі зертханасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының ауруларды бақылау және алдын алу орталығы және Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы ұйымдастырды.

Конференция бағдарламасында оба мен зооноздар тудыратын басқа да жұқпалы ауруларды зерттеу мен алдын алудың әртүрлі аспектілерін қозғайтын мазмұнды баяндамалар ұсынылды. АҚИҰҒО-ның делегациясын бас директор Жумадилова З.Б. басқарды, қазақстандық тараптан м.ғ.д. Атшабар Б.Б., м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Абдел З.Ж., м.ғ.к. Ковалева Г.Г., PhD Туханова Н. баяндама жасады.

Циго Ван, Шуйи Ван, Ли Вэй, Чжао Цзяншань, және Цзянцзюнь Вэй сынды ғалымдар бастаған қытай делегациясы шекара аймағындағы обаның генетикалық полиморфизмін зерттеуге, обаның филогенетикалық талдауына, Y. pestis-тің микроэкологиясы мен бейімделуіне, Шыңжаңдағы сарып бойынша шолуға және Шыңжаң мен Қытайдағы күйдіргіні эпидқадағалауға арналған баяндамаларды ұсынды.

Конференция барысында талқыланған пікірталастар Қазақстан мен Қытайдың шекаралас өңірлеріндегі оба бойынша энзоотиялық аумақтардың экологиялық және биологиялық ерекшеліктерін зерделеу жөніндегі бірлескен ғылыми жобалардың қажеттілігі туралы өзара келісімге әкелді. Тараптар микробиология, диагностика, алдын алу, биоинформатика және биоқауіпсіздік саласында екі жақтан да мамандар даярлаудың маңыздылығын мойындады.

Сондай-ақ, тараптар эндемиялық зооноздардың қаупі туралы Қазақстан мен Қытайдың ұйымдарын бірлесіп ақпараттандыру үшін, жаңа технологияларды пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, оба энзоотиясын бақылау мен алдын алудың экологиялық қауіпсіз шараларын әзірлеу мәселелері талқыланды. Жақын арада АҚИҰҒО-ы мен Қытай CDC арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығы атап өтілді.

АҚИҰҒО-ның өкілдері бетпе-бет қатысатын Қытайдағы бұл конференция биылғы жылы екінші болып табылады. М. Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО-ы өкілдері конференция ұйымдастырушыларымен жылы қабылданғаны үшін, Үрімші қаласындағы делегацияның барлық кезеңінде сүйемелденгені үшін шексіз алғысын білдіреді, одан әргі жемісті ынтымақтастығымыз бен ортақ көзқарасымызды іске асыратындығымызға үміттенеді.